Жемқорлық – қоғам індеті | arainews.kz

Жемқорлық – қоғам індеті

10

Қазіргі таңда, өкінішке қарай сыбайлас жемқорлық деген қоғамдық дерт барлық салада белең алып тұрғаны жасырын емес. Белгілі бір шаруаны бітіру үшін ақша беруім  қажет деген жаман   үрдіс  біздің қанымызға сіңіп қалған. Пара беретіндердің  саны көп болғандықтан, алатындардың саны азаймай тұрғаны  айдан анық.

Сыбайлас жемқорлық деген дерттің кесірінен, еліміздің барлық саласы (білім, құрылыс, денсаулық сақтау, құқықы қорғау және т.б.) дамымай, кейін қарай кетіп барады.

2023 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық көп жасалған  87 мемлекеттің  ішінде Қазақстан 12 орынға жайғасқан. Бұл деген небәрі 20 млн халқы бар мемлекеттің тамырына балта  шапқанмен тең. Еліміз  тәуелсіздік алған жылдардан бастап сыбайлас жемқорлықпен  күресіп келеді.  Отыз жылдан астам уақыт бойғы күрестің нәтижесі көңіл көпшітпейді. «Алған қол ала берсем, жеген ауыз жей берсем»  деп жылдарды өткізіп келеміз. «Дәніккеннен,  құныққан жаман» деп аталарымыз бекер айтпаған.  Құныққандықтың кесірінен жемқорлықтың  түбіне жете алмай келеміз.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе»,  «Тәрбие тал бесіктен басталады» дегендей, балабақшадан, мектептің бастауыш сыныбынан сәбилеріңіздің санасына  «Сыбайлас жемқорлық —  ауыр қылмыс» деп құйып,  тәлім-тәрбие беруіміз қажет.  Жоғарғы сынып оқушыларына, студенттерге  түрмені көрсетіп, «Қылмыс түбі — қорлық» деп, ашық сабақтар ұйымдастыру керек.

Сыбайлас жемқорлық ең аз  Швейцария, Канада, Швеция, Аустралия, Дания және Нидерланд мемлекеттерінің озық үлгісін алып, заң талаптарын күшейтуіміз қажет. Мысалы, Дания мемлекетінде компаниялар мен мемлекеттік органдар бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерімен күресу туралы бірлескен «параны пайдалану туралы декларация» атты келісімдер жасайды.

Лауазымды тұлғалардың қызметін депутаттар мен азаматтар бақылайды. Әрбір Парламент депутаты кез келген министр туралы ақпаратты сұрауға құқылы. Ал азаматтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы күдіктері туралы құқық қорғау органдарына, оның ішінде жасырын түрде хабарлауға құқығы бар.

Мемлекетке зиян келтіретін бастамаларды қолдауға жол бермеу үшін мемлекеттік қызметшілерге шетелдік компаниялардың акцияларын ұстауға тыйым салынады. Сондай-ақ Данияда шенеуніктердің табыстарын ашық жариялауға тиіс. Салық органдары оларды шығындармен салыстырады және салық төлеуден жалтару фактілері ретінде сәйкессіздіктерді тексереді.

Шенеуніктерге сыйлық ұсыну Дания заңы бойынша пара ретінде қарастырылады.

Қарап отырсақ, жоғарыда көрсетілген мемлекеттердің халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте жоғары. Сондықтан, халқымыздың жалпы жағдайын жақсарту үшін зауыт пен фабрикалар салып, жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдап, тозығы жеткен су шаруашылығы жүйелерін күрделі жөндеуден өткізіп, тозған жерлерді құнарландырып, еліміздің өрге қарай қарыштап дамуы үшін әрбір азамат адал қызмет етуі керек деп санаймын. Сонда ғана тамыры терең  жайылған  бұл қоғамдық   дерттен айығып,   жеңіске  жететінімізге кәміл сенемін.

Бақытжан ЖӘНІБЕКОВ,
Шу ауданының әкімі

Пікір білдіріңіз

Your email address will not be published.